“Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз.”

Қ. К. Токаев

Ректордың блогы

Қарағанды индустриялық университеті – тау-кен және металлургия саласына арналған жоғары білікті кадрларды дайындау...

Толығырақ »

Жаңалықтар

Архив

Конференциялар

Архив

ҚМИУ-де «Сөзге қанат біткен түн…» деп аталатын поэзия кеші өткізілді

[Дата публикации: 29.04.2019, 12:19:43, жариялауды: Баспасөз-орталығы]

 

Сәуірдің 26 күні Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінде «Қазақ, орыс және шетел тілдері» кафедрасының мұрындық болуымен «Сөзге қанат біткен түн…» деп аталатын поэзия кеші өткізілді.

Бұл поэзия кешке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаетың және ЮНЕСКО-ның қолдауымен өткен Халықаралық “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері, «Жұмбақтасқа жауған күз», «Өң. Мен. Түс.», «Жүрек кітабы», «Топырық демі» атты жыр-кітаптарының авторы, өлеңдері ағылшын, испан, корей, түрік, қырғыз, өзбек, әзербайжан, қытай және моңғол тілдеріне аударылған қазақтың талантты ақыны  Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығы арқау болды.

Кештің құрметті қонақтары ретінде республикалық «Әдебиет» порталының бас редакторы, жазушы-прозашы Нұрлан Хавдай, белгілі шоумен, «Базар жоқ», «КТА», «Әзіл әлемі» театрының редактор-сценаристісі Баянды Сахарияұлы, атақты күйші, Құрманғазы атындағы халықаралық конкурстың жүлдегері, республикалық Дәулеткерей, Әлшекей, Қали Жантілеуов, Қаршыға Ахмедияров, Әзидолла Есқалиев атындағы және «Байжұма» стилінде орындаушылар конкурстарының лауреаты және көптеген күй сайыстардың жеңімпазы Жұмабек Боранбайұлы Қадырқұлов, көптеген республикалық және халықарлық жыр мүшәйраларының жеңімпазы ақын Ұмтыл Зарыққан қатысты. Сондай-ақ Теміртау қаласының жас ақындары Әділет Шопен, Таңсәуле Әгенқызы және университетіміздің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері кештің көрігін қыздырысты.

ҚМИУ декан орынбасары, гуманитарлық ғылымдар магистрі, әдебиеттанушы  Капашева Жания Құдайбергенқызы кештің шымылдығын аша отырып, бұл кештің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жастар жылына орайластырылып өткізіліп жатқанын айта келіп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев түлеп ұшқан киелі шаңыраққа арнайы ат басын тіреген құрметті қонақтарға алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Поэзия кеші «Эх, өмір! Х-Life», «Кірпікке мөлдіреп күй тұнды…», «Топырақ демі» деген атаулармен үш блокқа бөлініп,  алдыңғы екі блок университет студенттері мен оқытушыларының кеш қонақтарына дайындаған тартуы, ал үшінші блок кеш қонақтарының құзырында болды.

Кеш барысында ақынның өлеңдері оқылып, сұрақтар қойылып, ақынмен емін-жарқын әңгіме өрбіді. Залдан Сержан атты студенттің:

– Бауыржан аға, дәл қазір алдыңызда отырған тыңдармандарыңыз техникалық мамандықта оқитын жастар. Бір өлеңіңізді қазіргі СМС-хабарламалары тілімен жазып шықтық. Ортаға келіп, осы смайлктарға жасырылған өлеңіңізді оқып берсеңіз? – деген тәрізді күтпеген өтініштер де болды. Ақын, студен- жастармен, залмен қосылып ән де шырқады.

Одан соң болашақта «Автоматтандыру және басқару» мамандары болып шығатын Алпысбаева Анелия «Сүйем дедім…», Құрбанбай Перизат «Қызығы қорқынышты бұл күндері», Көлік және көлік техникасы мен технологиясы мамандығында оқитын Алтынбек Ақбота «Өт-Кел», Материалтану және жаңа материалдар технологиясының болашақ мамандары Ағарыс Ақбота «Менің нәзік жаным үшін», Төлеу Ұлдана  «Болашақтан келген хат» өлеңдерін оқып, арпалысқан ақын жанын алты арудың бейнесінде көрсетіп,  оны жетінші болып, Металлургия мамандығының студенті Алимхан Дарханның оқыған «Бәріне сабыр етші, шыда, жаным!» өлеңі түйіндеді.

Бұдан кейін сөз алған университетіміздің «Қазақ, орыс, шетел тілдері» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдары кандидаты, доцент  Нұрзия Абдикаримқызы:

– Жалпы қазіргі қазақ поэзиясында жас ақындар «бір түрлі» жазатын болып жүр. «Бір түрліліктің» сыры неде деген сұрақ туындайды. Өйткені қазіргі жастар поэзиясында өлең «материалы» түгелдей формаға еніп, «парадокс»  тіл ретінде жарыққа шығады. Сонысымен де рациональды таным мен қоғамдық сананы тәрбиелеу үшін жазылған өлеңдерден ерекшеленетіндігін талдай келіп, қазіргі жастардың поэзиясы «интеллектуальдық поэзия», сондықтан оны оқып, түйсіну, сезіну үшін жастардың өзі де сол деңгейдегі интеллект болуы керек, – деді.

Кеш соңында кезек алған қонақтар өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп, Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерін оқып, шығармашылығы жайында пікірлерін білдірді және студенттердің өтініші бойынша Түркияда оқылып, бір сәтте 14 тілге аударылған «Топырақ демі» өлеңін ақынның өз аузынан тыңдаған жыр сүйер қауым бір желпініп қалды.

Поэзия кешін қысқаша қорытындылаған Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы, киелі Арқа елінің ақынжанды азаматы, ғалым Аманжолов Ізтілеу Аманжолұлы бұрыннан «Жас Алаш» газетінде жарияланған Бауыржан Қарағызұлының жырын оқып,  қазақтың тұнық руханиятына бір асау, тұмса бұлақ қосылғанына іштей разы болып жүргендігін, бүгін міне бетпе-бет кездесіп отырғанына риза екендігін жеткізді.

Ақын Бауыржан Қарағызұлы осындай кештің ұйымдастырылуына мүмкіндік берген ҚМИУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жәутіков Бақыт Ахатұлына ризашылығын білдіре отырып,   поэзия кеші ерекше форматта өтті және техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің өлеңге деген ерекше ықыласы көңіл толқытады деп баға берді.

Кеш қонақтарына ҚМИУ-дың ректорының атынан Алғыс хаттар тапсырылды.

ҚМИУ баспасөз қызметі


Просмотров: 986
29.04.2019, 12:19:43, Баспасөз-орталығы Тараулар: Жаңалықтар