«Қарттарым асыл қазынам» атты студенттердің ҚМИУ ардагер-ұстаздарымен кездесуі
[Дата публикации: 16.04.2019, 17:02:16, жариялауды: Баспасөз-орталығы]
16 сәуірде «Рухани жаңғыру» және «Жастар жылы» аясында алдыңғы буын – қарттар мен кейінгі буын – жастардың басын қосып, «Қарттарым — асыл қазынам» атты танымдық-тәрбиелік кездесу өткізілді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деген болатын осыдан екі жыл бұрын жазған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – сол тамырымызда бүлкілдеп жатқан ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымызды, отбасы мен ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, кешірім, сенім секілді ізгі қасиеттерді осы университеттің ардагер ұстаздары, бүгінде 80 жастың сеңгіріне шыққан, ата-әже атанған асыл жандардың – Серікбаев Сейілбек ағай мен Асылбекова Раушан апайдың өмір жолынан алынған өнеге мен ұлағатты қасиеттерді студенттердің санасына жеткізіп, көңіліне тоқу болып табылады.
Осы университеттің ірегесі қаланып жатқан сонау алпысыншы жылдары өрімдей қыз бен жігіт, қол ұстасқан қос жас болып келіп, бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған, бүгінде ақ жаулықты ана мен ақсақалды ата атанған Сейілбек аға мен Раушан апай өздерінің өмір және еңбек жолдарынан қысқаша сыр шертті.
Жастарға махаббат жайында, өздерінің 50-ден астам жыл бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандарының сырын аша келіп, махаббат деген баланың ата-анасына, отбасына, бауырларына, туған жеріне, мамандығына, еңбекке деген сүйіспеншілігі екендігін жеткізді.
Ақын Руза Алдашева: «Өткенімізге көз жүгірте отырып, яғни кешесіз бүгін, бүгінсіз ертеңнің болмайтыны ескеріп, «Шын ғашықтар қосылмайды» деген сөзді жиі айтамыз. Бұл қаншалықты рас? Тарихымызға көз жүгіртсек, Қыз Жібек пен Төлеген, Баян сұлу мен Қозы-Көрпеш, Еңлік-Кебек, Естай мен Қорлан сынды т.б. кейіпкерлеріміз жөнінде не білеміз? Айша бибі мен Қарахан оқиғасынан және Естай мен Қорланның ғашықтық ғаламатынан қандай ой түюге болады?» деген сұрақтар тастай отырып, студенттерді ашық пікірлесуге шақырды. Және соңында Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» дастанынан үзінді оқып берді.
Студенттер де махаббат жайлы Абайдың, Мұқағалидың және жас ақындардың өлеңдерін оқып берді.
Кездесуге шақырылған Теміртау орталық мешітінің бас имамы Жанболат Қошкелдиев те қазіргі жастардың үй-семья болуы, олардың міндеттері мен жауапкершілігі жайында айта келіп, студенттерді имандылыққа, адалдыққа, сүйспеншілікке тәрбиелейтін ұлағатты сөздерімен бөлісті.
Студенттер кездесудің басты кейіпкерлерінінң өмірінен сыр шертетін фото-суреттерді тамашалады және естелік үшін фотоға түсті.
Сейілбек ағай студент жастарға арнап ән шырқап берді.
Кездесу соңында ҚМИУ Қазақ, орыс және шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., доцент Нұрзия Әбдікәрімқызы қонақтарға алғысын білдіріп, «Адамды бақыттылыққа үйрету мүмкін емес, бірақ бақытты болатындай етіп тәрбиелеуге болады». Сондықтан осындай іс-шаралардың маңызы зор дей келіп, бүгінгі кездесудің студент-жастардың көңілінен шықанына және олардың сана-сезіміне із қалдыратынына сенімді екенін айтты.
ҚМИУ баспасөз қызметі
Просмотров: 774