Болашағы бар инновациялар мен технологиялар
[Дата публикации: 27.11.2017, 17:09:00, жариялауды: Әкімшілік]
ҚМИУ магистранттары Жандарбек Алманиязов пен Гүлжайна Есболова (PhD жетекшісі Виолетта Андреященко) 23-24 қарашада 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізілген «Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы үшін жастар энергиясы» атты 2-ші республикалық ғылыми-практикалық ынтымақтастық-семинарға қатысты.
Гумилев атындағы ЕҰУ технологияларды коммерциализациялау Департаменті ұйымдастырған ынтымақтастық шеңберінде ИИДМБ бойынша оқитын магистранттардың үздік инновациялық жобасын анықтау үшін байқау өткізілді. Бір күн ішінде бес қазақстандық университеттен 75 жоба ұсынылды. Бұл байқаудың мақсаты – ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз ету үшін ең перспективті инновацияларды және технологияларды анықтау және ғылыми – инновациялық қызметке тарту арқылы жастардың шығармашылық қабілеттері мен әлеуетін ашу үшін жағдай жасау болып табылады.
«Химия және Металлургия», «Биотехнология, тамақ өнеркәсібі және азық-түлік өнімдерін өндіру», «Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар» секциялар бойынша «Ең үздік спикер», «Үздік презентация», «Үздік инновациялық аспект», «Үздік шығармашылық жоба», «Үздік коммерциялық аспект» номинация жеңімпаздары лайықты марапаттарға ие болды.
Семинардың қорытындысы бойынша Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің магистранттары Жандарбек Алманиязов пен Гүлжайна Есболова семинарға белсенді қатысқаны үшін сертификаттар алды. Гүлжайнаның жұмысы «Үздік шығармашылық жоба» номинациясында жеңімпаз атанды. Оның тақырыбы: «Кент таулары Алат қоныстарының ерте темір дәуіріндегі пештерінің балқыту өнімдерін талдау».
Байқау комиссиясының мүшелері атап өткендей, магистранттардың жобаларын таныстыру барысында көптеген қызықты ақпараттар айтылды. Түлектер басқа университеттердегі әріптестерімен тәжірибе алмасты, ал семинарда ұсынылған жобалар Қазақстан экономикасының дамуына үлкен пайда әкелуі мүмкін.
ҚМИУ баспасөз-қызметі
Просмотров: 679