10 наурызда ҚарИУ Ғылыми Кеңесінің отырысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Мұхтарұлы Дауленов жаңа Басқарма төрағасы м.а. – ректор Болатбек Серікбайұлы Абдрасиловпен таныстырды.
Мирас Мұхтарұлы жаңа ректордың басқару жұмысындағы үлкен тәжірибесін, оның жоғары білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесін атап өтті, Ғылыми Кеңес мүшелерін Болатбек Серікбайұлының өмірбаянымен таныстырды. Соңында вице-министр университет ұжымы алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыруда сәттілік тіледі.
Болатбек Серікбайұлы Абдрасилов 1958 жылы 15 шілдеде Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1979 жылы «Физика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген, физика-математика ғылымдарының кандидаты, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану Академиясының академигі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті академигі. Мәскеу Ақпараттандыру Академиясының академигі, ҚР Жоғары білім Академиясының академигі.
Б.С. Абдрасилов 35 жыл бойы жоғары білім мен ғылым саласында жемісті еңбек етіп келеді. «Құрмет» орденінің кавалері (2005), «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. Ресей, Австралия, Голландия, Оңтүстік Корея, АҚШ беделді ғылыми журналдарда 60 астам жарияланымдары жарияланған. Ол Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеушілерінің бірі.
Болатбек Серікбайұлы өзінің еңбек жолын Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы, стажер-зерттеуші болып бастаған, КСРО Ғылым академиясының Биологиялық физика институтында аспирантурасын аяқтаған. Әр жылдары ол, аға оқытушы, доцент, декан, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының проректоры, бірінші проректоры, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры болып еңбек еткен.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақпараттық-тестілеу орталығының директоры қызметін атқарған. Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және орта кәсіптік білім беру департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы қадағалау және сертификаттау комитетінің төрағасы болған.
2010 жылдың 23 қыркүйегінен бастап 2012 жылдың ақпанына дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы. 2012 жылдың ақпанынан 2016 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры. 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты секторының меңгерушісі болды.
2017 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
Соңғы жұмыс орны – Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ – түрік университетінің президенті.