“Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз.”

Қ. К. Токаев

Ректордың блогы

Қарағанды индустриялық университеті – тау-кен және металлургия саласына арналған жоғары білікті кадрларды дайындау...

Толығырақ »

Жаңалықтар

Архив

Конференциялар

Архив

Астана – Жасампаздық пен дамудың 20 жылы

 

Сонау 1997 жылдың 10 желтоқсаны тарихи маңызды оқиғаның атаулы датасы болып ел жадында қалды. Тарих үшін аса қысқа, қас қағым сәт мерзім ішінде Астана заманауи мегаполиске, мемлекет пен қоғамның қарқынды дамып келе жатқан барлық саласына оң әсер етуші қоғамдық-саяси, экономикалық, ғылыми әрі әлеуметтік-мәдени танымал орталыққа айналды. Республикамыз үшін бұл жылдар халық өмірінің сапасы мен үрдісін айтарлықтай өзгерткен, интеграциялық бастамаларды жүзеге асырған, бұрынғы кеңестік кеңістікте Қазақстанның көшбасшы орынды алуына, еліміздің геосаяси маңыздылығының артуына мүмкіндік берген экономикалық серпіліс кезеңі болды.

ҚР Президенті Н.Назарбаев Ақмолаға аттану алдында.
1997 ж.

Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай басталды. 20 жыл бұрын Президенттің Ақмолаға аттану алдындағы түсірілген мына суреттің мән-мағынасы тереңде жатқанын аңғаруға болады.

Алдымен Астананың Ұлы Даланың Бас қаласына айналу тарихына ден қоялық. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республика астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы идеясын айтты. Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды. Елбасы көшіру қажеттігінің геосаяси, экономикалық және экологиялық себептерін дәлелдеді. Жүргізілген талдау барлық нұсқалардың ішінде Ақмола неғұрлым бұл талаптарға орайласатынын көрсетті. Бүгінде бұл шешiмнiң дұрыс болғандығына ешкiм де күмән келтiрiп, дауласпайды.

1994 жылғы 6 шілдеде 
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 
Қазақстан Республикасы Жоғарғы 
Қеңесінің пленарлық 
отырысында сөз сөйлеуі

1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді. Осы салтанатты шарада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: «Барлық саяси шешімдер бүгіннен бастап осы қалада қабылданатын болады», – деп ресми жариялаған еді.

1997 жылы 10 желтоқсаннан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болып ресми түрде жарияланды.

Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып 
өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап 
тұған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды.
ҚР Президенті Н.Назарбаевты 
жаңа астана тұрғындарының қарсы алуы. 
Ақмола, 1997 ж. 10 желтоқсан 

Жеті жыл қатарынан мереке 10 маусым күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге – Астана күні атауы беріліп, оны атап өту алғашқы шешім қабылданған күн – 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде – Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді.

1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бұл атақ қысқа мерзім ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени дамуда неғұрлым әсерлі әрі қуатты өсуге, тұрақты этникааралық қатынасты орнықтыруға қол жеткізе алған ғаламшардың жас қалаларына беріледі. Бразилияда өткізілген бұл конкурста Астана барлық өлшемдер бойынша әлемнің әр түрлі елдерінің он екі қаласын басып озды. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA халықаралық қауымдастығына кірді. Қазақстан елордасының бауырлас қалалары арасында Мәскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок және әлемнің басқа да қалалары бар.

Естеріңізде болса, Астана жоспарын даярлауда әлемнің әйгілі сәулетшілерінің бірі Кисе Курокаваның тұжырымдамасы үздік деп танылды. Доктор Курокаваға өзі ұсынған қала құрылысы тұжырымдамасы негізінде Астананы дамытудың 2030 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасын әзірлеу ұсынылған еді. Бұл тапсырыс Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі (ЖХЫА) мен ҚР Астананы дамыту корпорациясы арасындағы келісім аясында жапон үкіметінің грантына іске асырылды. Кисе Курокаваның басшылығындағы жобалық топ ұсынған эскиз-идеяны ҚР Үкіметі 2001 жылдың 15 тамызында бекітті. Дегенмен де, сәулетшінің туындысы керемет болғанымен, ол өз жобасында елорданың қарқынды дамитындығын нақты ескере алмады. Осы орайда Бас жоспарға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Нақтырақ айтқанда, ЖХЫА мамандарының есебіне сүйенсек, 2010 жылы Астананың халқы 490 мыңға, ал 2030 жылы 800 мыңға жетуі тиіс еді. Бірақта 2003 жылы тұрғындар саны 500 мыңнан асып жығылды. Бас жоспарды нақтылауға болжам есептерінің қателіктері себеп болғандығын ескере келе, демографиялық зерттеулер мен ғылыми негізделген ұзақ мерзімді болжамды қайта құру тапсырылды. 2017 жылғы Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының Паспорты мәліметтеріне қарағанда, қаланың ауданы 79,7 мың гектар. Оның ішінде: Алматы ауданы – 20,6 мың гектар, Сарыарқа ауданы – 19,7 мың гектар, Есіл ауданы – 39,4 мың гектар. Сәйкесінше, қала аумағымен бірге бүгінде елорда тұрғындарының саны айтарлықтай өсті. Соңғы деректер бойынша қала халқы 1 миллион адамнан асып түсті.

Биыл қыркүйекте Астана әкімі Әсет Исекешев бүгінде ресми түрде қалада 1 миллион 100 мың адам тіркелгенін, 205 мың адам уақытша тіркеуде тұрғанын айтқан еді. «Біздің есептеулер бойынша, қалада тұрақты негізде кем дегенде 1 миллион 100 мың немесе 1 миллион 150 мың адам тұрады деп айтуға болады. Осы орайда мектептерге, ауруханаларға, қоғамдық көлікке және басқа да салаларға қосымша жүктеме түседі», – деді Исекешев. Белгілі болғандай, елордада тұрақты негізде 11 796 шетелдік өмір сүріп жатыр, оның ішінде алыс шетелден – 7 239, ТМД-дан – 4 557.

Әкімнің атап өтуінше, әкімдікте Лондон, Сингапур, Дубай, Әбу-Даби секілді қалаларда қолданылатын тәсілге ұқсас жоспар әзірленіп жатыр. Осы жоспар екі миллион тұрғынды есепке ала отырып, халықаралық стандартпен даярлануда. Оның мақсаты – қоғамдық кеңістіктердің, қажетті жол көліктерінің, мектептердің, ауруханалардың, тұрғын үй кешендерінің, саябақтардың инфрақұрылымын дер кезінде кешенді дамуын қамтамасыз ету.

Шаһарды дамыту тұрғысындағы жоспарларға ойысатын болсақ, Астана әкімі Әсет Исекешев 2020 жылға қарай елорданы Еуразиялық кеңістікте ең тартымды әрі әсерлі қалалардың қатарына қосу жоспарда бар екенін айтқан болатын. Бұл ретте Астана форумдар, саммиттер, іскерлік конференциялар мен мәдени-спорттық шараларды өткізуде негізгі орталықтардың бірі болуы керек. Ол үшін шаһар барлық қажетті сапалы әрі дамыған инфрақұрылымды дайындап қойды, яғни әуежай мен вокзалдың және басқа да нысандардың әлеуеті жоғары. «Біз шетелдік туристер санын жылына 1 миллионға дейін, ал қазақстандық туристердің үлесін 2 миллионға дейін жеткізу мақсатын қойып отырмыз. Осы орайда туристердің жалпы санын үш еседен астамға арттыру көзделіп отыр»,-дейді Исекешев. Оның атап өтуінше, Астана 2030 жылы Еуразиялық макроаймақтың көшбасшы қалалары Мәскеу, Ыстанбұл, Анкара және Әбу-Даби қалаларымен, ал 2050 жылы әлемнің жаһандық мегаполистерімен бәсекелесуге тиіс.

Астана – Президенттің орындалған арманы

Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазуынша, Астананы көшіру Қазақстанды жаңа Тəуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенімді болды. Бұл біріншіден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Шындығында, егемен ел, Тәуелсіз мемлекет атану да, ұлы істі қолға алып, елдің дербес астанасын таңдау мен оны салуға күш-жігерін жұмсау да зор бақыт. Осындай істе ең алдымен Елбасының ерлігі ерен екені айтпаса да түсінікті. Себебі жұртшылық айтып жүргендей, Астана – Президенттің төл перзенті, орындалған арманы.

Қазақстанның жаңа астанасының құрылысы бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы ең ауқымды жоба ретінде тарихқа енді. Қаланың сәулеттік тұжырымдамасын жасауда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қалаға еуразиялық келбет беру жөніндегі идеясы ескерілді. Астананың сәулеттік келбетінде Қазақстан Президентінің көптеген идеялары іске асырылды. Елордадағы сәулеттік кешендер мен қоғамдық ғимараттар Елбасының назарында болды. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев жасаған сызбалардың нобайы өзінің қайталанбас сәулетіне ие болды. Бұл тұрғыда «Бәйтерек» монументінің және Президенттік мәдени орталықтың бастапқы сызылған жобалары бүгінде ҚР Ұлттық музейінде сақтаулы тұр.

Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Мен ойымдағы Бəйтеректің долбар-пішіндерін қағазға түсірдім. Осы ойымды біршама жеткізе алдым-ау деген сызбаларымды Сəулетшілер одағының қатаң қазылығына ұсындым. Сəулетшілерге бұл идея қатты ұнады, олар жұмысқа қызу кірісті. Ақырында кəсіби іскерлер Бəйтеректің нақты пішінін жасап шықты. Бұл эскиздің шеберлікпен жасалғаны соншалық, бір қарағанда салынып біткен объектінің фотосуреті сияқты болып көрінді», – деп жазады. Міне, 20 жыл уақыт ішінде ару Астана төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұртшылықты толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.

Бұл ретте Елбасының Астана туралы айтқаны тағы да еске оралады. «Тәуелсіздіктің негізгі мәні – тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр», – деген болатын Президент.

Тоқ етерін айтқанда, біз 10 желтоқсан күні Ақмола Қазақстан Республикасының елордасы болғанының 20 жылдық датасына жетеміз. Ендеше, бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!