«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы
[Дата публикации: 25.11.2021, 16:05:18, жариялауды: Umit Khuangan]
23 қарашада Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтар үшін одан әрі дамудың жаңа стратегиясының негізгі болашақ бағдарына айналатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын таныстырды.
Елбасы атап өткендей: «Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім ретінде қабыл алсын». Құрметті жерлестер! Бүгін мен сіздермен «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығымен бөлісуге асығамын.
«Елдіктің жеті тұғыры»
Бірінші. Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.
Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті.
Екінші. Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры.
Этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы. «Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы.Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады», – деп атап өтті Елбасы.
Үшінші. Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ.Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған. «Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап бізді халықаралық деңгейде мойындауға және шекарамызды ресми бекітуге бар күшімізді салдық», – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз (Таулы Қарабақ, Қырым, Грузия және т.б.). «Мен өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барымды салдым» , – деп атап өтті Елбасы.
Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі.
Отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады.
«Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай. Сол үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білуіміз керек», – деп атап өтті ол.
Бесінші. Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі.
Қоғамның рухани өсуі материалдық құндылықтармен қатар Қазақстанның неғұрлым дамыған 30 елдің қатарына интеграциялану процесінде маңызды рөл атқарады. Ұлттың әлемге танылуына өнер мен ғылымдағы жоғары жетістіктер арқылы ғана жете аламыз.
Алтыншы. Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті.
Елімізде талантты әрі дарынды, алғыр да өжет жастар жетерлік.
Әсіресе,әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істейтін, халықаралық деңгейде ғылыми жаңалық ашқан, түрлі салада еңбегімен танылып жүрген жалынды жастарды көру өте қуанышты.
Табысқа жетудің кілті – үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде.
Жетінші. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі.
Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек.
Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол. Сондықтан прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн. Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз! #NurOtan
Қарағанды индустриялық университетінің ректоры – Абдрасилов Б.С.
Просмотров: 884