ЕҰУ-де «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білім беру экожүйесі» Халықаралық білім беру консорциумын құру туралы келісімге қол қойылды
[Дата публикации: 19.03.2018, 20:55:32, жариялауды: Әкімшілік]
2018 жылғы 19 наурызда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасындағы Келісім шеңберінде жүзеге асырылатын «Өндіріс секторының консорциумы» гранттық бағдарламасының жеңімпаздарының бірі болып табылатын «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білім беру экожүйесі» Халықаралық білім беру консорциумын құру туралы келісімге қол қойылды.
Консорциум құрамындағы ғылыми ұйымға мүше ретінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлтық университеті, Санкт-Петербург ақпараттық технологиялар, механика және оптика ұлттық зерттеу университеті, Sharda университеті (Үндістан) және Қарағанды мемлекеттік индустриялық университеті кіреді.
Сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы», «Гранит» арнайы конструкторлық және технологиялық бюросы» ЖШС-і, «СОТСБИ» ғылыми-техникалық орталығы» ЖШҚ, «Microsoft Kazakhstan» ЖШС-і, «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар» АҚ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ, «Cisсо» кәсіпорындары да консорциум мүшелері болып табылады.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында жоғары білікті кадрларды даярлаудың маңыздылығына ерекше тоқталғанын атай келіп: – Консорциумның қызметі ақпараттық, телекоммуникациялық және ғарыштық технологияларды, жаратылыстану ғылымдары саласындағы ғылыми зерттеулерді ғылыми-технологиялық дамытуға бағытталады,-деді. Сонымен қатар -Консорциумның ұзақ мерзімді стратегиясы Қазақстандағы барлық білім беру ұйымдарын (мектептерді, колледждер мен университеттерді) осы экожүйеге біртіндеп тарту және өндірістік кәсіпорындар, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады,-деді Ерлан Бәтташұлы.
Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры Әсемгүл Молдажанова жиынға қатысушыларды құттықтай келіп, Консорциумның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Айтса айтқандай, Консорциумның қызметі елдің дамуына жаңа технологиялар алу, өндіруші сектордағы, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттердегі кәсіпорындар арасындағы жүйелі серіктестікті құру және нығайту; инновациялық ұсыныстар мен оларға сұранысты ынталандыру; ұлттық маңызы бар салаларда жаңа технологияларды дамыту үшін ұжымдық күш-жігерді жылжыту болып табылады.
Сондай-ақ жиында Еуразия ұлттық университеті заң бөлімінің басшысы Асылан Әбілов консорциум жобасы туралы арнайы баяндама жасады.
Ғалымдардың болжамдарына сәйкес, төртінші индустриалдық революциясы өте жылдам түрде жүзеге асады. Консорциумға қатысушы тұлғалардың айтуынша, еңбек нарығында инженерлер мен ІТ мамандары сұранысқа ие болады.
Сондай-ақ бірлескен шара барысында жоғары білікті кадрларды даярлау үшін жағдайлар жасау, ғылыми-зерттеу тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу, жоба бойынша ғылыми жарияланымдар секілді бірқатар мәселелер күн тәртібіне шығарылды.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында білім берудің экожүйесі» консорциумы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ радиотехника, электроника және телекоммуникациялар кафедрасының меңгерушісі Шахмаран Сейіловтың жобасы негізінде құрылып отыр.
Шахмаран Сейілов Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті жариялаған конкурста «Өндіріс секторындағы консорциумдар» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алып, ғылыми жобаны іске асыру мүмкіндігіне ие болды.
Аталмыш жоба «Ақпарат, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар» мамандығы бойынша оқытатын мектептер мен колледждер және ЖОО арналған, сонымен бірге білім беру ресурстарының экожүйесін дамытуға бағытталған.
Жобаны іске асыру шеңберінде Астана, Алматы, Көкшетау және Қарағанды қалаларында 4 кластер құру жоспарлануда, олардың әрқайсысы 1 университет, 2 колледж және 5 мектептен тұрады. Бұл білім беру ұйымдары арнайы әзірленген тренажерлармен, компьютерлермен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталады, олар АКТ-ның біліктілігін қалыптастырады, оқытушылар мен мұғалімдер тиісті түрде оқытылады. Биылғы жылдың сәуір айына дейін ілкімді тірліктер нақтыланып, жоба жыл ішінде өз жемісін беретін болады.
Жиын қорытындысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарапынан бірінші проректор Әсемгүл Молдажанова, «СОТСБИ» ғылыми-техникалық орталығы» ЖШҚ атынан бас директор Вадим Гойхман, Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінен ректор Бақыт Жәутіков қол қойды.
Баспасөз қызметі
Просмотров: 865